Өрт қауіптілігі жоғары кезең

Источник: kazgazeta.kz



Алматы облысында аптап ыстық. Соның салдарынан далалы, таулы аймақтарда өрт қаупінің жоғары деңгейі жарияланды. Сондықтан орманшылар авиациямен бақылауды күшейтті, - деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.


Боралдай әуежайынан көкке көтерілген Aircraft Partenavia P.68 Victor ұшағы асқар Алатауға қарай самғады. Бізге «Қазавиаорманқорғау» Алматы авиа бөлімшесінің ұшқыш-бақылаушысы Акрам Хамраев таудағы орман алқаптарын таныстырып өтті. Сондай-ақ, ол жұмыс барысында көктен жердегі орманшылықтармен байланысқа шығып, әрбір аумақты хабарлап отырды. Мәселен, қазіргі күнге дейін Алматы авиа бөлімшесіне қарасты аумақта 8 орман өрті тіркелсе, оның 5-і тауда болған.

Ұшу бағыты Іле Алатауынан бастап Шарын-Іле өзені алқабын қамтыды. Аумақтың көлемі өте үлкен. Сондықтан әр аумақтың жеке орман қорғау мекемелері бар. Ал әуеден тек «Қазавиаорманқорғау» мекемесі ғана бақылау жасайды. Айта кетейік, бірлескен әуе рейді барысында орман өрті тіркелген жоқ.





Акрам Хамраев, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиа бөлімшесінің бақылау-ұшқышы:

- Орманды әуеден бақылаудың тиіміділігі жоғары. Бұл енді тұтанып, жанып бастаған немесе төтенше алапат орман өртінің көлемін, бағытын жедел анықтап, жердегі топқа жеткізуге аса қажетті шара. Сондықтан, авиациямен бақылаудың және біздің десанттық тобымызбен кезекшілік жасаудың маңызы жоғары. Әсіресе, қазіргідей өрт қауіптілігінің жоғарғы кезеңінде орманды көктен де, жерден де бақылау өзекті. Қазір тауларға шығатын адамдар көбейген, салдарынан өрттер де жиі тіркеледі. Сондықтан, тауда болсын, далада болсын тұмса табиғатымызға жанашырлықпен қарап, өрттің алдын алсақ, ұрпағымызға да үлгі болмақ.

Сондай-ақ, сала мамандары өрт қаусіпіздігін ескертеді. Өрт қауіпті маусымда орманда тыйым салынады: Орман күзеті көрсетілмеген және арнайы жабдықталмаған жерлерде от жағуға; Бөтелкелерді, шыны сынықтарды және басқа қоқыстарды қалдыру; Темекіні, жанып жанып жатқан сіріңкені тастауға; Техникамен ұшқын өшіргішсіз орманға бару.





Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ Суреттерді түсірген автор | Алматы облысы